РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР НАСИХАТТАЛДЫ

30.05.2017

Алматыдағы Оқушылар сарайында «Білім берудегі жалпыадамзаттық құндылықтар» тақырыбында халықаралық семинар өтті. Қазақстанның әр аймағынан жиналған 800-ге жуық мұғалімге білімін жетілдіріп, біліктілігін арттыруға мүмкіндік берген бұл жоба «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы мен қала әкімдігінің ұйымдастыруымен іске асып отыр. Үш күнге созылған семинар «Бөбектің» 20 жылдық мерейтойы аясында атқарылатын шаралардың бірі екенін айта кеткен жөн.

Рухани-адамгершілік білім беру идеясын тарату мен педагогтардың кәсіби-тұлғалық дамуына көмек көрсетуді мақсат еткен үш күндік семинар «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген әл-Фарабидің сөзін еске түсіреді. Үш күн бойы жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген білім беру мектебінің негізін қалаушы, таиландтық педагог ғалым, доктор Арт Онг Джумсаи дәріс оқыды. Ғалымның көпшілік назарына ұсынған жалпыадамзаттық құндылықтарды біртұтас білім беру үдерісіне интеграциялау тәжірибесі бүгінгі таңда әлем бойынша қызығушылық тудырып отыр. Көршілес елдердің ғалымдары мен педагогтары «Өзін-өзі тану» пәні бойынша оқу-әдістемелік кешенді әзірлеушілер «Өрлеу» БАҰО АҚ-ның рухани-адамгершілік білім беру бойынша тренерлері, «Бөбек» орталығының біліктілікті арттыру курстарының тыңдаушылары Қазақстанның түрлі өңірлеріндегі мектепке дейінгі мекемелердің, мектептердің, колледждер мен жоғары оқу орындарының мұғалімдері мен басшылары, «Бөбек» орталығының қызметкерлері аталған мәселе бойынша дәріс тыңдап, білімін арттыруға мүмкіндік алды. Қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев Сара Назарбаеваның отандық білім беру жүйесіне «Өзін-өзі тану» бағдарламасын енгізу бойынша қосқан зор үлесін атап өтті. Сонымен қатар, қолға түсе бермейтін доктор Джумсаидің шеберханасымен танысу мүмкіндігі екінің біріне бұйыра бермейтіні де айтылды.

Шараға жеткіншектер мен жасөспірімдерге арналған көптеген білімдік және шығармашылық жобаларды іске асырып отырған «Жандану әлемі» қорының негізін қалаушы Әлия Назарбаева, атқарушы директоры Мұрат Исаханов бастаған құрметті қонақтармен қатар, Ресей, Әзербайжан және Қырғызстан елдерінің өкілдері де қатысты.

Семинардың ашылуы мен жабылу салтанатында «Өзін өзі тану» гимназиясының оқушылары мен колледж студенттері, «бөбектік» бүлдіршіндер ұсынған концерттік бағдарлама да бейбітшілік пен адамға деген махаббат арқылы адамдардың бірігуі идеясына құрылған.

АЛМАТЫ

Алмас НҮСІП,

«Егемен Қазақстан»

Материал “Егемен Қазақстан” газетінде жарияланған, № 73, 2017 ж. 17 сәуір.