"Өзін-өзі тану" оқу-сауықтыру кешені

Жалпы ақпарат

«Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығының «Өзін-өзі тану» оқу-сауықтыру кешені балаларды қолдау бағытында белсенді жұмыстар жүргізеді және жетім балалардың, экологиясы нашар аймақтың балаларының, көп балалы және аз қамтылған отбасы балаларының денсаулығын нығайту және сауықтыру шараларын жүзеге асырады. Оқу-сауықтыру кешені Қазақстанның ең көрікті аймақтарының бірі Алматы қаласында орналасқан.

Кешен жыл бойы жұмыс істейді және бір ауысымда 110 бала қабылдайды. Ауысым ұзақтығы – 22 күн. Оқу-сауықтыру кешенінде 3-4 сыныптар арасында оқыту процесі оқу жылы бойы жүргізілсе, жаз мезгілінде сауықтыру шаралары 5-7 сынып оқушылары арасында жүргізіледі.  Тәрбиешілер рухани – адамгершілік бағытта сабақтар өткізеді: балалардың жалпыадамзаттық құндылықтарға дұрыс қатынасын қалыптастырады, салауатты өмір салты туралы білімін нығайтады, сенім мен түсіністік, сүйіспеншілік негізінде өзара дұрыс қарым-қатынас жасауға үйретеді. Балалар көп уақытын таза ауада өткізеді: терренкур бойынша серуендер, қимыл-қозғалыс ойындары, спорттық жарыстар.

Сауықтыру курсына келесі емдеу түрлері жатады, олар:  медициналық тексеру және педиатр-дәрігердің бақылауы, лор-дәрігерінің және тіс дәрігерінің профилактикалық тексерулері мен емдеу шаралары, физио және сумен емдеу процедуралары, уқалау.

Балалар азғаға пайдалы дәрумендерді сауықтыру тұнбалары арқылы қабылдайды: табиғи шырындар, емдік шөптердің тұнбалары мен қайнатпалары. Сондай-ақ, көкөністер мен жемістерден жасалған дәруменге толы алты реттік тамақтану, диеталық столдар ұйымдастырылған.

Балалардың оқуы мен жайлы өмір сүруі үшін жоғары деңгейдегі жағдайлар жасалған, атап айтқанда:

  • үш қабатты корпус, 1 қабат – мектеп, 2 – 3 қабаттар – жатын бөлмелері;
  • 2 ойын залы;
  • медициналық кешен;
  • жабық хауыз;
  • интерактивті тақтамен жабдықталған оқу кабинеттері;
  • топ бөлмелері;
  • спорт залы;
  • емдік денешынықтыру залы;
  • заманауи бөлмелер.