Алматы қаласында халқымыздың қымбат мұрасы мен асыл қазынасын дәріптейтін ерекше мұражай бар. Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайы 1980 жылы белгілі этнограф ғалым, мәдениет жанашыры Өзбекәлі Жәнібековтың бастамасымен құрылған. Сәулеті келіскен әсем ғимаратта орналасқан мұражай жұмысы, ондағы құнды жәдігерлермен танысу мақсатында «Бөбек» орталығының оқу-сауықтыру кешеніне келген балаларға арнайы саяхат ұйымдастырылды. Мұражайға саяхат жасау арқылы сан ғасырлардан сыр шертетін, сондай -ақ біздің тарихымызды танып білуге және оның ішіндегі тарихи жәдігерлер мен құндылықтарымызды өз көздерімен көріп, танысуға мүмкіндік жасалды. Қазір мұражай қорында әлемнің 34 елінің музыкалық мәдениетімен таныстыратын 1000-нан астам жәдігер бар. Бізді ерекше қызықтырғаны «Әлем халықтарының аспаптары залы» болды. Мұнда әлемнің 15-тен аса елінің 30-дан аса музыкалық аспаптары бар.