Сара Назарбаева Мендегі махаббат жер шарын орап алатындай күй кештім!

13.02.2019

Алматыда Қазақстан Республикасының бірінші Ханымы, «Бөбек» Қайырымдылық қорының президенті, «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының авторы Сара Алпысқызы Назарбаеваның «Бөбек» орталығының гимназиясы және колледж түлектерімен кездесуі өтті.

Сара Алпысқызы осыған дейін БАҚ өкілдеріне берген бір сұхбатында  «Әрбір адам бойындағы қабілеттердің барлығын пайдалана отырып, тек туған еліне ғана емес, жер бетіндегі барша адамзатқа пайдасы мен шапағатын тигізуді көздеуге тиіс. Қоғамдағы рухани және адамгершілік құндылықтарды білім арқылы жандандырған жөн. Дұрыс ұйымдастырылған білім сондай құндылықтардан тұратынын да естен шығармаған абзал. Тек білім арқылы ғана біз қоғамдағы рухани байлықты қалыптастырып, әр адамның бойындағы ерекше қасиеттерді танып, игі істерді жүзеге асырамыз», – деген еді.

Сара Алпысқызы әлемдегі руханият, адамгершілік құндылықтар мен имандылық, адам мен қоғам, табиғаттың тылсым күші және басқа да өзекті мәселелер төңірегінде тартымды әңгімелердің тиегін ағытып, баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуындағы ата-ана мен мұғалімдердің атқаратын рөліне айрықша тоқталды.

«Сүйіспеншілік сабақтары» – бұл Сара Алпысқызының педагогтармен, оқушылармен және түлектермен дәстүрлі кездесуі. Іс-шара «Өзін-өзі тану Сүйіспеншілік және шығармашылық педагогикасы» жалпыреспубликалық пәндік онкүндік шеңберінде өтті.

«Әрқайсысымыздың өз жолымыз бар. Өмірлік міндетіміз бар. Бірақ бәрімізге ортақ бір міндет – жан дүниеміздегі Махаббатың сөнбейтін шырағын жаңа отырып, адам болып қалу», – деп атап өтті Сара Алпысқызы.

Бұл жолғы кездесу «Бөбек» орталығының түлектері ғана емес, олардың ата-аналарымен пікір алмасу форматында өтті. Орталықтың 2016 жылғы түлегі Светлана Гаюпованың «Егер сіз туралы кино түсірілсе, оның қалай аталғанын қалайсыз» деген сұрағына Сара Алпысқызы «Адамзаттың махаббаты» деп аталғанын қалар едім» деп жауап берді.

Сара Алпысқызының пайымдауынша, адамзаттың махаббаты деген ұғымның аясы ғарыштық кеңістікті қамтып жатыр. Бұл Аспанның Жерге немесе Күннің Айға махаббаты ғана емес, адамзаттың өзін-өзіне сенімділігінен қуат алады. «Өзіне сенімді және өзін-өзі бағалай білген адамның жан-жағы туралы жамандыққа баруы мүмкін емес. Себебі махаббат – адамзаттың мәңгілік және ешкім қол соза алмайтын меншігі. Шығыс философтарының өзі Құдайдың бір аты – Махаббат» деп кеткен», – деп сөзін бір түйіп өтті  Сара Алпысқызы.

«Адамның адами табиғатына жат, оғаш іске баруы өзі-өзіне деген махаббатының кемшіндігінен» деген ойды шығыс шайырлары осыған дейін де айтып кеткен.

«Адам баласына дүниеге келгенде оған таңдау құқы беріледі Жүрегінің түкпірінде тарыдай болып жақсылықтың нышанын адамзатқа тән махаббатына бөлеу арқылы өзінің болмысын қалыптастырады Басқаша болса, оны пәндәуи пиғылмен көміп тастайды. «Садақа беріп, құрбандық шалып», күнәмнен арылдым деп ойлайды. Адамның адам болып жаратылғандағы басты міндеті – өзінің болмысына адал болуы. Махаббаттан жоғары тұрған күш жоқ. Осының бәрін біз өзімізді өзім тану үшін керек» дейді Сара Алпысқызы.

Сара Алпыс қызы «адам баласы шыр етіп дүние келген кезде оған таңдау құқы беріледі Бойдағы адамға тән қасиет ана сүтімен беріледі, қалғанын өзі қалыптастырады. Адам өзін-өзі қалай дамытады, ол оның өз еркі екен.

Бірақ бір нәрсе айқын, адамның жаратылыстың заңын бұзуға құқы жоқ», – деп ойын бір түйіп өтті Сара Алпысқызы.

Сара Алпысқызы осы ретте 1990 жылдардың екінші жартысындағы қиын кезеңдерді еске түсіріп өтті Қаржы дағдарысы қысып тұрған кезде «Бөбек» қорын құрып, оны балалардың болашағына бағыттау оңай болмапты. Сол кезде «сіз балалардың бәрін сүйесіз, осындай күш-қуатты қайдан аласыз» деген сұрақтар да көп болыпты. Сара Алпысқызының пайымдауынша, әлемде бір ұлт бар, ол – адам, әлемде бір тіл бар, ол – адамның тілі, әлемде бір дін бар, ол – адамның діні, әлемде бір Құдай бар, ол барлық жерде – Құдай.

«Сол күндері жүрегім қырық бөлшекке бөлініп кетердей күй кештім. Ішкі түйсік «сен болмасаң, басқа кім»  деп сыбырлағандай болды. Қазақстанда мен бармаған Жетімдер үйі қалмады. Балалардың ауыр тағдырын олардың көзінен оқыдым. Мендегі махаббат жер шарын орап алатындай күй кештім. Нәтижесінде, Қазақстанда отбасылық үлгідегі балалар үйі пайда болды. Бұл қазақтың жетімдеріне деген көзқарасты өзгертті. Жетімдер үйінен бала асырап алғысы келетін ата-аналар да көбейді. Қазір сол балалардың өзі отбасылы болды. Қай өңірге барсам да олар алдымнан шығады. Мен адамзаттың бойындағы махаббатың қандай болатынын балалардан үйрендім» дейді Сара Назарбаева.

Бұл кеш жастармен руханилық, адамгершілік және адам баласының нағыз бақыты туралы ашық пікірлерімен есте қалды Көкшетаудан келген 19 жастағы бойжеткен Сара Алпысқызына қарата «Менің қара шаңырағым – «Бөбек» орталығы, менің анам – сізсіз! Қазір тағдырыма түбегейлі өзгерістер әкелетін жол айырығында тұрмын!  Маған жүрегін ұсынған жігіт жетімдігіме қарамай менімен бас қосуға дайын. Сіз қандай кеңес бересіз» деген сұрағына «Махаббатыңа сенсең болды Ол мұз жарғыш кеме тәрізді сені барлық қиындықтан алып шығады. Мен мұны немерелеріме үнемі айтамын. Бірақ олардың тағдыры сендерге қарағанда қиындау болды. Себебі олар Қазақстан Президенті мен Сара Алпысқызының немерелері ғой. Немерелерімнің жүректері алдамағанын енді біліп жүрмін»  деп жауап берді.

Түлектер өз өмірлеріндегі, кәсіби қызметтеріндегі өзін-өзі танудың рөлі, нағыз көшбасшылық және қоғамға қызмет ету туралы өз түсініктерін әңгімелеп берді.

Іс-шара барысында жоғарыда аталған тақырыптар бойынша тартымды әңгімелердің тиегі ағытылып, көкейкесті мәселелер төңірегінде ой-пікірлер айтылды. Әсіресе, балалар мен жеткіншек ұрпақты тәрбиелеу, олардың бойына адамгершілік пен патриоттық сезімді сіңіру, жас өрендердің жеке тұлға ретінде қалыптасуындағы ата-аналар мен мұғалімдердің, педагог-ұстаздардың атқаратын рөліне ерекше мән берілді.

 

 Гүлбаршын САБАЕВА, «Еqemen Qazaqstan»

 

https://www.egemen.kz/article/182481-sara-nazarbaeva-mendegi-makhabbat-zher-sharyn-orap-alatynday-kush-keshtim