Қазақстан Республикасындағы «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасы

«Ғасырлар тоғысында біз кенеттен тәрбиенің басты мақсаты – баланы компьютер басуға үйретіп, ептеп ағылшынша сөйлету деп санадық. Міне, сөйтіп жаңа формацияның адамы да даяр. Ал бұл «прогресс ұрпағы» қайырымдылықты зұлымдықтан ажырата алмайтыны, жақын жандардың жан ауыртпашылығын түсініп, бөлісе алмайтыны бізді селт еткізбейді… Мен бала жас кезінен-ақ әрқашанда сау да әрі бақытты болып өсуін, өмір даналығы мен адамзатқа қызмет ете білу бақытын игере отырып өсуін қалаймын. Өзінің кім екендігін, не үшін өмір сүріп, не үшін талпынатынын пайымдай білсін. Әркім өзін ашып көрсете білуі тиіс». Бұл – адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасының авторы Сара Алпысқызы Назарбаеваның сөздері.

Бағдарламаның мақсаты – адамның ішкі әлеуетін ашу арқылы оның рухани-адамгершілік қалыптасуына көмектесу, жоғары адамгершілік қасиеттерін тәрбиелеу, өмірлік маңызды іскерліктері мен дағдыларын дамыту. Ойдың, сөз бен істің бірлігінде өмір сүруге ұмтылу, әртүрлі мәселелерді адамгершілік нормаларына сәйкес сындарлы шешу, патриотизм және азаматтық ұстанымдарын көрсету іскерліктер мен дағдылардың ең маңыздылары болып табылады.

«Өзін-өзі тану» бағдарламасының басты идеясы жастарға адамгершілігі мол болып, руханилық бастауларын сақтауға және әрбір халықтың, әрбір адамның бойындағы ең жақсы, жарқын және таза қасиетті еселеп, молайта түсуге көмектесуді көздейді.

«Өзін-өзі тану» пәні Адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасының негізі болып табылады, бұл пән адамның сөзсіз құндылығын бекіте отырып, оның бойында өзінің қадір-қасиетін сезіну, өзін-өзі құрметтеу, ой-пікір тәуелсіздігін, өзін-өзі жетілдіруге қажеттілігін тәрбиелей отырып, өмірлік жағдаяттарда бағдарларын дұрыс айқындау, шешімдер қабылдау және өз тағдыры үшін жауапты болу қабілетін дамыта отырып, қазақстандық мектептің білім кеңістігінде басты рөл атқарады. «Өзін-өзі тану» пәні 2010 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасының үздіксіз білім беру жүйесіне енгізілді.

Әрбір балабақша, мектеп пен колледжде жалпыадамзаттық құндылықтарға бағдарланған тұлғаны тәрбиелеуге мүмкіндік беретін білім кеңістігін құрудың маңызы зор. Бұл үшін еліміздің әрбір аймағында пилоттық білім беру мекемелері ұйымдастырылды. Мұндай білім беру ұйымдарында балалар мен оқушы жастарға рухани-адамгершілік білім беру міндеттерін шешуге қажет бірқатар маңызды педагогикалық шарт сақталған. Оқу үдерісін ұйымдастыру сүйіспеншілік, сенім, шабытты шығармашылық жағдайында өтеді, оқыту мен тәрбиенің жағымды, ізгілікті әдістері қолданылады. Пилоттық білім беру ұйымдарының қызметін айқындайтын ұстаным адамгершілік-рухани білім беруді біртұтас педагогикалық үдеріске интеграциялау болып табылады.

«Бөбек» Орталығының Адамның үйлесімді дамуы институтының қызметкерлері пилоттық білім беру ұйымдарының қызметіне ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетеді, атап айтқанда, өзін-өзі тану педагогтері үшін бағдарламалар мен әдістемелік өңдеулер даярлайды, білім беру үдерісін мониторингілеуді жүзеге асырады, оқу семинарларын, аймақтық, республикалық және халықаралық маңызы бар педагогикалық форумдар өткізіп, ата-аналардың педагогикалық білімін кеңейтуге көмек көрсетеді.

Балалар мен оқушы жастарға рухани-адамгершілік білім берудің озат тәжірибесі зерделенеді, жинақталып, таратылады. Ғылыми-әдістемелік «Самопознание.KZ» журналы мен www.ozin-ozi-tanu.kz интернет-порталы тәжірибе алмасу алаңдары болып табылады.

Сара Алпысқызы Назарбаеваның бастамасымен дүниеге келген «Өзін-өзі тану» бағдарламасы жоғары адамгершілікті және рухани бай адамды, еліміздің азаматын және патриотын тәрбиелеуге бағытталғандықтан да ұлттың басты мүдделеріне сәйкес келеді. Өзін-өзі тану сабақтарында, еңбек ету, шығармашылық жұмыс барысында оқушылар мәні Абайдың «махаббат пен әділдік сезімі кімде көбірек болса, сол кісі – ғалым, сол – кісі дана» сөздерімен жеткізілетін қарапайым ақиқатты ұғынады.