ЖАСТАРҒА ЖАЛПЫАДАМЗАТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ҮЙРЕТУIМIЗ КЕРЕК

07.11.2017

Мен балабақшада, мектептер мен жоғары оқу орындарында академиялық бiлiммен қатар, жалпыадамзаттық құндылықтарды оқытуды енгiзу керек деп есептеймiн. Ол үшiн арнайы оқулықтар шығарып, қажеттi әдiстеме жасап, «Адамды сүю» мамандығы бойынша мұғалiмдер дайындау керек.

Сара АЛПЫСҚЫЗЫ

Биылғы жылы «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, бiлiм беру және сауықтыру орталығының құрылғанына 20 жыл толып отыр. Осыған орай, Қабылдау үйiнде «Өзiн-өзi тану – сүйiспеншiлiк пен шығармашылық педагогикасы» атты халықаралық форум жұмысы басталды. Бүгiнгi таңда бiлiм, ғылым саласы қоғамдағы ең өзектi мәселелердiң бiрiне айналып отыр. Осы орайда, жас ұрпаққа бiлiм берумен ғана шектелмей, оларға адами, iзгiлiк бiлiмiн де беру қажеттiгi туындап отырғаны белгiлi. Адамдар өз бойларындағы бiлiмдерiн жақсы iске емес, керiсiнше қатыгездiкке, жаман нәрселерге бағыттайтын болып барады. Сондықтан қайтсек осынау жас өскiннiң бойына сүйiспеншiлiк пен адами қасиеттi қалыптастыруға болады деген ұстаздар үлкен жауапты мiндет төңiрегiнде ой түйдi.

Елбасымыз Н.Назарбаев: «Болашақта еңбек етiп, өмiр сүретiндер – бүгiнгi мектеп оқушылары. Мұғалiм оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады», – деген едi. Сондықтан бүгiнгi заман бәрiмiзге үлкен сенiм жүктеп, ұрпақ тәрбиесiне сергек қарамауымызды талап етiп отыр. Халықаралық форумды «Бөбек» орталығының бас директоры мiндетiн атқарушы Е.Сәкенова ашып, барлық қатысушыларға деген iзгi ниетiн бiлдiрдi. «Жүрек сырын сүйiспеншiлiкпен ашу» деп аталатын фильм өзiнiң мазмұнымен көпшiлiктiң көңiлiнен шықты. Халықаралық форум жұмысына қатысуға ниет бiлдiргендер өте көп болды.

Алдымен форум қонақтары қазақстандық ғалымдардың баяндамаларын тыңдады. Мәселен, философия ғылымының докторы, профессор, Философия, саясаттану және дiнтану институты директорының орынбасары С.Нұрмұратов «Рухани жетiлу – адам болмысының және болашағының негiзi» деп аталатын, ал философия ғылымының докторы, профессор Г.Соловьева «Ақпараттық технологиялар дәуiрiндегi өзiн-өзi тану: мән-мағына табу» атты, химия ғылымының кандидаты, «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары А.Дүйсебек «Постиндустриалдық қоғамға өту жағдайында бiлiм берудегi парадигмалық трансформациялар» атты баяндамалар жасап, ұрпақ өнегесi, олардың адамдық болмысы және рухани-адамгершiлiк бiлiм беру туралы жан-жақты талқылады.

«Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, бiлiм беру мен сауықтыру орталығының 20 жылдығына арналған форумда ҚР бiлiм және ғылым министрi Ерлан Сағадиев бiлiм саласындағы «Өзiн-өзi тану» авторлық бағдарламасының ең басты мақсатына тоқталды. «Өзiн-өзi тану» пәнi адамның өмiр сүруi үшiн, бақыты мен қуанышы үшiн iзгiлiкке бастайтынын жеткiздi. «Бөбек» орталығы бас директорының мiндетiн атқарушы, Е.Сәкеноваға мерейтойға арналған құттықтау хатын табыс еттi. Келесi кезекте қала әкiмi Бауыржан Байбек сөз алды.

– ХХI ғасыр – бiлiм мен ғылымның ғасыры. Дәл қазiргiдей жаһандану заманында ұлт болып ұйысу үшiн әрбiр адам өзiн-өзi тануы керек. Осы мақсатта «Өзiн-өзi тану» пәнiнiң жас ұрпақ бойында патриоттық сезiмдi қалыптастыруда, елi мен жерiн сүйе бiлетiн, рухани адамгершiлiгi мол ұрпақ тәрбиелеуде өте маңызы зор, – деп атап көрсеттi.

Шаһар басшысы «Бөбектiң» 20 жылдық мерейтойына орай 5 пәтер кiлтiн табыс еттi. ҚР Парламентi Мәжiлiсi төрағасының орынбасары Гүлмира Есiмбаева өз сөзiнде мыңдаған баланың бақытты мекенi болып отырған «Бөбек» – iзгiлiктiң бастауы, қайнар бұлағы деп, осы жылдар iшiндегi атқарған жұмыстарға тоқталды. Осыдан соң сөз кезегiн Динара Құлыбаева, Қазақстандағы БҰҰ (ЮНИСЕФ) балалар қорының өкiлi Юрий Оксамитный «Өзiн-өзi тану» бағдарламасын басты бағыт етiп, тәрбие мен бiлiм беру жолында рухани-адамгершiлiк негiздi ұстанып келе жатқан, Сара Алпысқызының бастамасымен iргесi қаланған «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық бiлiм беру және сауықтыру орталығының мерейтойымен құттықтады. Форумның ресми бөлiмiнде «Өзiн-өзi тану» рухани-адамгершiлiк бiлiм беру бағдарламасының авторы Сара Назарбаева сөз кезегiн алды.

– Елiмiздiң ертеңi болып табылатын жас ұрпақты тәрбиелеуде сiз бен бiзге үлкен жауапкершiлiк жүктелiп отыр. Осынау 20 жыл iшiнде елiмiз үшiн пайдалы iс атқардық деп ойлаймын. Осы жолда көмек қолын созған барлық жаны iзгi, үлкен жүректi, өмiрге сүйiспеншiлiкпен қарайтын жандарға алғысым шексiз. Отбасында, мектепте, қоғамдық орындарда үлкендер мен балалар арасында сыйластық, мейiрiм мен iзгiлiк орнауы керек. Ұл-қызымызға көзбе-көз айтқан сөзiмiз, берген тәрбиемiз жүректен жүрекке жетiп жатса, қандай ғанибет, – дедi Сара Алпысқызы.

Халықаралық форумға танымал ғалым Арт Онг Джумсай (Тайланд), iзгiлiк педагогикасының «атасы» Шалва Амонашвили мен оның мұрагерi Паата Амонашвили (Грузия), Еуропалық жалпыадамзаттық құндылықтар институтының директоры Марианна Мейер (Копенгаген-Франкфурт), Д.Маллаев (Россия), К.Мансурова (Ресей), Петра фон Калиновский (Германия-Франкфурт), т.б. көптеген ғалымдар қатысты.

Рая ЕСКЕНДIР

 

Материал “Алматы ақшамы” газетінде жарияланған, № 126, 2017 ж. 28 қазан