Білім беру үдерісіндегі өзін-өзі тану

2010 жылы мектептердің, колледждер мен педагогикалық жоғары оқу орындарының оқу үдерісіне балалар мен оқушы жастарға рухани-адамгершілік білім беруді мақсатты түрде жүзеге асыруға мүмкіндік беретін «Өзін-өзі тану» пәні енгізілді. Пәнді енгізу 184 эксперименттік алаң – балабақша, мектептер, колледждер, ҚазМемҚызПУ қатысқан 9-жылдық экспериментке негізделді.

Өзін-өзі тану бойынша білім берудің негізгі мақсат-мүдделері мынадай: оқушының құндылықтар жүйесін, рефлексия дағдыларын дамыту, оқушының өзіне, қоршаған ортаға және бүкіл адамзатқа деген қарым-қатынасын айқындайтын адамгершілік мінез-құлықтарының, әлеуметтік маңызы бар бағдарларының негізін қалыптастыру; өзіндік бейімділіктерін ашуға, өмірлік мақсаттарын қоюға, адамгершілік таңдау жасауға дайындығы және өзінің сөзі мен істері үшін жауапкершілігін қалыптастыруына көмек көрсету.

Пәннің мазмұны жалпыадамзаттық құндылықтар жүйесіне негізделген. Олар:

  • махаббат, денсаулық, еркіндік, бақыт, еңбек, тән мен жан үндестігі; өмірдің мақсаты, адамның парызы, ойдың, сөз бен істің бірлігі ұғымдарын жете түсіну арқылы өзін-өзі тануға;
  • отбасы, достық, сыйластық, теңдік, бауырмалдық, диалог, өзара түсіністік, ынтымақтастық ұғымдарын жете түсіну арқылы өзгелерді тануға;
  • табиғат, Отан, әлем, өмір, Бүкіл әлеммен үндестік, сенім, үміт ұғымдарын жете түсіну арқылы әлемді тануға;
  • ақиқат, жер адамзаттың ортақ үйі, шығармашылық, мәдениет, адамзатпен бірігу ұғымдарын жете түсіну арқылы адамзаттың рухани тәжірибесін тануға мүмкіндік береді

Бағдарламада орта білім берудің деңгейлері мен сыныптары бойынша жалпыадамзаттық құндылықтар туралы негізгі ұғымдарды дамытудағы сабақтастық қарастырылған.

Бағдарламада пәннің тақырыптық мазмұны «адамның өзін-өзі тануы», «қоғамдағы адам», «адам және қоршаған әлем», «адамзаттың рухани тәжірибесі» бағыттары бойынша таратылған. Пәннің мазмұнын түзудің бұл принципі тарау атауларының айырмашылықтарына қарамастан, орта мектептің барлық деңгейінде сақталады.

Бірінші тарауды оқып-үйрену барысында оқушылар «адамның ішкі әлемі», «адамгершілік таңдауы» ұғымдарын түсініп, өзін-өзі танудың негізі, бастауларымен танысып, өмірлік мақсат, адамның парызы ретіндегі адамға қызмет етудің маңыздылығын ұғына бастайды.

Екінші тарау оқушылардың мінез-құлықты тәрбиелеудің, сонымен қатар еңбекқорлық, ар-ұждан, өз істері үшін жауап беру, ойдың, сөз бен істің бірлігін сақтау қасиеттерінің маңыздылығын түсінуін көздейді. Екінші тараудың тақырыптары білім алушылардың ниет пен әрекеттің өзара байланысын түсінуіне, олардың өзін-өзі тануға және өзін-өзі жетілдіруге қажеттіліктерін дамытуға бағытталған.

Үшінші тарау оқушыларды шынайы адами іс-әрекеттер әлеміне жетелейді. Бұл тараудың мазмұны айналасындағылармен қарым-қатынаста этикалық нормаларды сақтаудың маңыздылығын түсінуге, мінез-құлықтың отбасы мүшелеріне деген сүйіспеншілік, айналасына – сыныптастырына, достарына, бөтен адамдарға құрмет көрсету, сену және сенімді ақтау қабілетін көрсетуіне көмектеседі. Бұл орайда оқушылардың сыныпта және отбасында тең құқылы, тату қарым-қатынас орнатып, әлеуметтік белсенділігін арттыруына басты назар аударылады.

Төртінші тарау оқушыларға қоршаған әлем сұлулығын, барлық халықтар мен ұлттардың мәдени мұра құндылықтарындағы ақиқат, қайырымдылық, сүйіспеншілік, әділдік идеалдарын көріп, түсінуге көмегін тигізеді. Тақырыптардың мазмұны әртүрлі халықтардың мәдениетіне, тарихы мен салт-дәстүрлеріне құрмет сезімін тәрбиелеу, адамзаттың бірлігін ұғындыру мақсатын көздейді. Ұлы адамдардың өмірімен танысу оқушыларға шынайы көшбасшының мәні мен орнын, адамның қоршаған ортамен үйлесімділігін түсінуге мүмкіндік береді.

«Өзін-өзі тану» пәнін оқытуда өзін-өзі танудың мақсат-міндеттеріне әсер ету үшін оқытудың бірқатар әдістемелік тәсілдері қолданылады. Мысалы, әрбір сабақтың басталу және аяқталуы кезеңдеріне орай қолданылатын жағымды көңіл-күй және «Жүректен жүрекке» әдістері әрбір оқушының сабақта көтерілген проблемаға тартылып, ұжымға қабылданып, өзі де ұжымды жағымды қабылдауына мүмкіндік жасайды.

Пәннің мазмұны оқушылардың құндылықтар және адамның адамгершілік қасиеттері жөніндегі білімі мен түсініктерін кеңейтумен қатар, олардың ойлауы мен эмоционалдық-еріктік саласын дамытуға, оқу материалын эмоционалдық-образдық қабылдауына, танымдық қызығушылықтарын белсендіруге, шығармашылық әлеуетін ашуға («Оқу», «Сабақтың дәйексөзі», «Әңгімелесу», «Жағдаяттар кезінде ойлану», «Шығармашылық жұмыс», музыка және әнді пайдалану, жобалық әрекет) бағытталған әдіс-тәсілдерді қолдануды көздейді.

«Өзін-өзі тану» пәнін оқыту бағдарламасы аптасына 1 сағаттан, әрбір сыныпта бір жылға барлығы 34 сағаттық оқу жүктемесі көлемінде жүзеге асырылады.